- a
- a
- a
Ілеспе аударма технологиясы мен тәсілдері
Ілеспе аударма барысында аудармашы мәтінді біртіндеп, жеке сөйлемдер арқылы аударатыны анық, сондықтан аударма процесінің бірлігі болып жеке сөйлем болып саналады. Әрине, аудармашы жеке сөйлемді екінші тілде құрастырып отырып, жадындағы басқа сөйлемдердің мағынасымен байланыстырады, кейде тіпті екі сөйлемді біріктіріп жібереді. Ілеспе аударма кезінде, мысалы орыс тілінен аударса, аудармашы сөйлемнің мағыналы бөлшегін ести салып екінші тілге аударуға тырысады. Қазақшадан аударғанда бұл тәсіл қолдануға келмейді, себебі сөйлемнің ең маңызды мүшесі – баяндауыш – қазақша сөйлемде соңғы орында.
Ілеспе аударма процесі екі кезеңнен тұрады: 1) түпнұсқа, яғни бірінші, тілдегі (ТТ) мәтінді (мәтін-1) ұғып, мәлімет алу; 2) аударма, яғни екінші, тілдегі (АТ) қажетті тілдік бірліктерді таңдап, жаңа мәтін (мәтін-2) құрастыру. Аудармашы түпнұсқаның синтаксистік құрылымын да анық түсініп, мәтін мазмұны жайлы нақты шешімге келеді. Аударма процесінің екінші кезеңінде аудармашы аударма тілінде сөйлеу іс-әрекетін орындайды. Оның да жай сөйлеу арқылы қатынас құрушылардың сөйлеу іс-әрекетінен айырмашылықтары бар. Олар аудармашының түпнұсқаға негізделуінде: түпнұсқаның мазмұнын өзгертпей, дәл жеткізу мақсатында ол тілдік бірліктерді таңдайды, синтаксистік құрылымдарды да сол мақсатқа бағындырады. Аударманың басқа түрлеріне қарағанда ауызша аударма кезінде аудармашы сөздіктерді қолдана алмайды, оларды тек қана алдын ала дайындалу кезінде қарай алғанымен, аударма ісінде сөзбен, оның лексикалық мағынасымен жұмыс істеу басыңқы орын алады десек, артық бола қоймас. Сөздің мағыналарына келгенде аудармашы әсіресе абай болып, контекске көбірек үңіледі, себебі сөздің екінші тілде аудармасы болса да, ол кейде аударып отырған мәтіндегі контексте жарамай қалады. Мәселен, EURO-2008 футбол чемпионатын теледидардан көрсеткен кезде, спорт тілшісі қазақша түсініктемелер беріп отырып, «с этой точки (пробьют штрафной)» деген сөйлемді «осы нүктеден (айып соққысын орындайды)» деп орысшадан сөзбе-сөз аудара салды. Сөйтіп өз еңбегіне зор нұқсан келтіргені өкінішті. Ілеспе аударма процесінде екі кезеңді белгілеп ажырату өте қиын, себебі олар бірін бірі сонша тез ауыстырып тұрады; тіпті аудармашы екінші тілде мәтін құрастыра отырып, сөйлеушіні де тыңдап мәлімет қабылдайды. Осындай дағды, әрине, арнайы тәсілдерді жете игергеннің нәтижесінде ғана пайда болады.
Ілеспе аудармада қолданылатын тәсілдер Ілеспе аударма, біріншіден, аудару іс-әрекетіне жататындықтан қолданылатын тәсілдері, әрине, аударманың барлық түріне ортақ болып келеді. Ілеспенің ерекшелігі сол тәсілдерді жылдам қолдануда, шешімді тез қабылдауда.
1) Аударма тілінің заңдылықтарын сақтап, аудармашы сөйлем көлемінде лексикалық бірліктерді жылжыту тәсілін (прием перемещения лексических единиц) қолдана береді. Қазақша-орысша, орысша-қазақша аудармаларда бұл жиі кездесетін тәсіл, себебі екі тілдің лексика-грамматикалық құрылымы, әлемнің тілдегі көрінісі, әрине, ерекше. Түбірі бір тілдердің, мысалы, славян тілдері немесе түркі тілдерінің арасындағы аудармада бұл тәсіл жиі кездесе қоймайды.
2) Аудару тілінде сәйкес сөз табылмағандықтан, аудармада көрсетілмей қалған түпнұсқаның мағыналары лексикалық қосымшалар тәсілі (прием лексических добавлений) арқылы толықтырылады.
3) Сөз қалдыру тәсілі (прием опущения) лексикалық қосымшалар тәсіліне қарама қарсы: контекстен мағынасы анықталатын, немесе мағынасы орынсыз қайталана беретін ұқсас сөздердің бірін аудармаға қоспай қалдыру аударма мәтініне нұқсан келтірмей, қайта қажетсіз қайталана беріп шұбатылудан сақтайды. Және осы тәсіл аударманың неше түрлі лексикалық қосымшалар пайдаланғаннан көлемін өсірмеу үшін қолданылады.
4) Әрбір сөзді жеке аудару тәсілі (прием пословного перевода) аударманың соңғы нұсқасында емес, аударма процесінің барысында, яғни аралық кезеңде, көбірек қолданылады. Оған себеп түпнұсқадағы мағынаны дәл жеткізу жолында аудармашы шешімге келу үшін неше түрлі варианттарды қарастырады. Әрине, әуелі сөзбе сөз аудару болады, кейін соның негізінде контекске сай тілдік бірліктер таңдалады.
5) Аударма тілінде лексикалық мағынасы өзгеше болғанымен түпнұсқаның контексіне сай сөзбен ауыстыру тәсілі (контекстуальная замена). Бұл тәсіл ауызекі сөйлеу тілінде, көркем әдебиетте, публицистикалық шығармаларда көбірек кездеседі.
6) Түпнұсқа тілі мен аударма тілінде мағынасы тең, эквивалентті болып келген сөздер болмаған кезде мағынасы кеңірек (жалпы) сөздерді мағынасы нақты сөзге ауыстыру тәсілі (прием конкретизации) және оған қарама-қарсы мағынасы нақты сөзді мағынасы кеңірек (жалпы) сөзге ауыстыру тәсілі қолданылады. Мысалы, мал шаруашылығы жете дамыған қазақ халқының тілінде мал атаулары соншалықты толық, жеткілікті жүйе болып қалыптасқаны қазақ лексикасының байлығы болып табылады. Ал сол атауларды басқа тілге, мысалы, орысшаға аударсақ, тана, тайынша, құнажын, дөнежін т.б. сол сияқты мал атауларының бір сөзден тұратын лексикалық сәйкестіктерін таба алмаймыз. Сондықтан ‘тана’ мен ‘тайынша’ деген сөздерді ‘бұзау’ сөзіне теңестіріп ‘теленок’ деген сөзбен, ал ‘құнажын’, ‘дөнежін’ – ‘сиыр’ сөзіне теңестіріп ‘корова’ деген мағынасы кеңірек, жалпы ұғымды білдіретін сөздермен аударамыз.
7) Ауызекі сөйлеу тілінің белгілі ерекшеліктерінің бірі эмоционалды-экспрессивті реңі екені сөзсіз. Сол сөйлеудің қанық бояуларын аудару, әрине, арнайы тәсілді қажет етеді. Қорыта келгенде, ілеспе аударма – аударма түрлерінің ішінде ең күрделі екенін мойындай отырып, ол салада айтарлықтай жетістіктерге жету жолында аударма ісінде жиі қолданылатын тәсілдерді игеріп алудың қажет екені анық. Аударма дағдылары қалыптасып, екі тілдің сөз байлығы, идиома мен паремияларының сәйкестіктері жадында шұғыл пайда болып, екі тілде де шебер және жылдам шешім қабылдап сөйлейтін маман ілеспе аудармада жетістіктерге жететініне сенеміз.
Глоссарий к тексту
-
docx
Ілеспе аударма технологиясы мен тәсілдері 30 Kb, скачан 1065 раз
Обсуждение (0)
Для того, чтобы участвовать в обсуждении Вам необходимо авторизоваться